Кентау қаласы білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында әлеуметтік-психологиялық қолдау шаралары жалғасуда

Қазіргі таңда білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – оқушыларға сапалы білім берумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық саулығын нығайту және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру. Осы бағыттағы жұмыстар Кентау қаласы білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдарында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Кентау қаласы бойынша білім бөліміне қарасты 23 мемлекеттік және 8 жекеменшік жалпы білім беретін мектепте барлығы 20 179 оқушы білім алуда. Әрбір білім беру ұйымында балалардың әлеуметтік-психологиялық жағдайын тұрақты бақылау, тәуекел факторларын ерте анықтау және алдын алу жұмыстары кешенді жоспар негізінде ұйымдастырылған.

Бұл жұмыстардың басты мақсаты – оқушылардың эмоционалдық жағдайын, әлеуметтік бейімделу деңгейін, мінез-құлық ерекшеліктерін уақытылы анықтап, қажетті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету. Осы бағытта мектеп әкімшілігі, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, сынып жетекшілері және ата-аналар бірлесіп жұмыс атқаруда.

Жүргізілген мониторинг нәтижесінде әлеуметтік педагогтардың бақылау тізіміне 2 335 оқушы енгізілген. Бұл санаттағы балалардың әлеуметтік жағдайы жан-жақты зерделеніп, отбасымен тұрақты байланыс орнатылып, қажетті әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, сынып жетекшілерінің бақылауында 98 оқушы болса, педагог-психологтардың жеке бақылауына 20 оқушы алынған.

Әрбір бақылауға алынған оқушы бойынша жеке жұмыс жоспары әзірленіп, психологиялық кеңес беру, түзету-дамыту сабақтары, әлеуметтік бейімдеу жұмыстары және профилактикалық іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қажет болған жағдайда ата-аналармен жеке кездесулер өткізіліп, отбасы тәрбиесін нығайтуға бағытталған ұсыныстар беріледі.

Білім беру ұйымдарында арнайы диагностикалық әдістемелер арқылы оқушылардың психологиялық ахуалына тұрақты мониторинг жүргізіледі. 1–4, 5–9 және 2–11 сыныптар арасында өткізілген тақырыптық диагностикалардың қорытындысы бойынша 2 743 оқушы тәуекел тобына кіріктірілді. Бұл көрсеткіш балалардың қандай да бір құқық бұзушылық жасағанын білдірмейді. Керісінше, олардың психологиялық, әлеуметтік немесе тәрбиелік тұрғыдан қосымша қолдауды қажет ететіндігін айқындауға мүмкіндік береді.

Тәуекел тобындағы оқушылармен жүргізілетін жұмыстар кешенді сипатқа ие. Педагог-психологтар жеке және топтық тренингтер ұйымдастырып, әлеуметтік педагогтар отбасымен және жауапты мекемелермен байланыс орнатады. Сынып жетекшілері оқушылардың мектеп өміріне бейімделуін бақылап, олардың сабаққа қатысуы мен қоғамдық жұмыстарға араласуына ерекше көңіл бөледі.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың, ерте жүктіліктің, интернетке тәуелділіктің, зиянды әдеттердің және суицидтің алдын алу бағытында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылуда. Бұл шараларға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, денсаулық сақтау саласының мамандары, психологтар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де тартылып келеді.

Алдағы уақытта да, білім беру ұйымдарында оқушылардың құқықтарын қорғау, олардың психологиялық саулығын нығайту, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру және тәуекелдердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *