Қазақ халқының рухани болмысын айшықтайтын ұлттық аспап – домбыраны ұлықтау, ұлттық өнерді дәріптеу және аға буынның рухани белсенділігін арттыру мақсатында Сауран ауданының әлеуметтік қызмет көрсету орталығының «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесінде Ұлттық домбыра күніне орай, «Домбыра – дастан, домбыра – мұра» атты тағылымды мәдени кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан күйшілік және жыршылық өнерін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, үлкен буын өкілдерінің мәдени өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту болды.
Мерекелік кештің құрметті қонағы ретінде, Сауран ауданы Жүйнек ауылдық мәдениет үйінің директоры, композитор, әнші әрі термеші Шерхан Әлібеков қатысып, қазақтың халық әндері мен термелерін орындады. Сонымен қатар, ол домбыраның қазақ халқының тарихы мен рухани өміріндегі ерекше орны, ұлттық өнердің тәрбиелік маңызы және мәдени мұраны сақтаудың өзектілігі жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітіп, қатысушылармен әсерлі ой бөлісті.
Кеш барысында «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесінің қызмет алушылары да өз өнерлерін ортаға салып, күмбірлеген күй орындап, халық әндерін шырқап, ұлттық өнерге деген құрметтерін көрсетті. Қатысушылардың шығармашылық белсенділігі мен өнерге деген сүйіспеншілігі көпшілікке ерекше әсер қалдырып, мерекелік кештің мазмұнын байыта түсті.
Іс-шара барысында ұлттық музыка өнерінің жастар тәрбиесіндегі орны, қазақтың күйшілік дәстүрі, домбыраның тәрбиелік және рухани құндылығы туралы кеңінен айтылып, мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Осындай кездесулер аға буынның өмірлік тәжірибесін насихаттап қана қоймай, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
Тағылымға толы кеш соңында қатысушылар ақ баталарын беріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасқан көпшілік ұлттық өнердің мәңгілік құндылық екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Мұндай мәдени іс-шаралар ұлттық мұраны ұлықтап, домбыра өнерін кеңінен насихаттауға, мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға зор үлес қосады.
Домбыра – халқымыздың рухани төлқұжаты, ел тарихы мен мәдениетінің мәңгілік үнін жеткізетін қасиетті мұра. Оны қастерлеу – ұлттық құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа аманат етудің жарқын көрінісі.
