Сауранда «Таза су айдындары» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелерін еліміздің тұрақты дамуының басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, туған жердің табиғатын аялауға және азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды жобаға айналды.

Мемлекет басшысы әрбір елді мекеннің тазалығы, өзен-көлдердің сақталуы, жасыл желекті көбейту мен табиғатты қорғау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін бірнеше мәрте атап өтті. Президенттің бұл ұстанымы бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді.

Осы мемлекеттік бастама аясында, Сауран ауданында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Соның бірі – Оранғай ауылдық округінің аумағындағы Қарашық өзені бойында өткізілген «Таза су айдындары» экологиялық акциясы.

Акцияның негізгі мақсаты – өзен-көлдердің экологиялық жағдайын жақсарту, су айдындарының тазалығын сақтау, табиғи экожүйені қорғау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындарды табиғатты қорғау шараларына кеңінен тарту болды.

Экологиялық шара барысында өзен жағалауы тұрмыстық және басқа да қалдықтардан тазартылып, санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Қатысушылар жағалау бойына шашылған қоқыстарды жинап, табиғи ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, акция аясында табиғатты қорғаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы насихаттық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінді.

Таза су көздері – халықтың денсаулығының, экологиялық қауіпсіздіктің және өңірдің тұрақты дамуының маңызды кепілі. Сондықтан, су айдындарын қорғау, олардың ластануына жол бермеу және табиғи тепе-теңдікті сақтау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек сенбіліктер өткізумен ғана шектелмейді. Бұл – қоғамда жаңа экологиялық сана қалыптастыруға, туған жерге жанашырлықпен қарауды дәріптеуге және табиғатты қорғауды күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған жалпыұлттық қозғалыс. Осы бағыттағы жұмыстар азаматтардың белсенді қатысуымен ғана нәтижелі болмақ.

Сауран ауданында экологиялық ахуалды жақсарту, өзен-көлдерді қорғау, қоғамдық орындарды абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Табиғатты қорғау – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан, қоршаған ортаның тазалығын сақтау ісіне әрбір азаматтың белсенді атсалысуы – ел болашағына қосылған маңызды үлес.

      

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *