ОТЫРАРДАҒЫ «ҚЫЗЫЛ ТУ» НАСОС СТАНЦИЯСЫ ЗАМАНАУИ ҚОНДЫРҒЫЛАРМЕН ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету және суармалы жерлерді ағын сумен үздіксіз қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте аудандағы маңызды гидротехникалық нысандардың бірі – «Қызыл Ту» насос станциясы жаңа су айдайтын қондырғылармен жабдықталып, пайдалануға берілді.

Аталған нысанға арнайы барған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жаңадан орнатылған қуатты насос қондырғыларының жұмысымен танысып, олардың техникалық мүмкіндіктерін бағалады. Сондай-ақ, жауапты мекеме басшылары мен сала мамандарынан атқарылған жұмыстардың барысы жөнінде ақпарат алды.

Бұған дейін станциядағы ұзақ жылдар бойы пайдаланылған насос қондырғыларының тозуына байланысты бірнеше мәрте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, олардың өнімділігі төмендеп, аудан шаруаларының ағын суға деген қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік болмаған. Бұл жағдай әсіресе, суару маусымында егістік алқаптарына суды уақытылы жеткізуге кері әсерін тигізіп келген.

Осыған байланысты, аудан әкімдігі мәселені жан-жақты зерделеп, оны республикалық деңгейде көтерді. Нәтижесінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен насос станциясына өнімділігі жоғары үш жаңа су айдайтын насос сатып алынып, орнатылды.

Жаңа қондырғылардың іске қосылуы аудандағы суару жүйесінің тиімділігін арттырып, ағын судың тұрақты әрі үздіксіз жеткізілуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде суармалы егіс көлемінің өнімділігін арттыруға, шаруалардың еңбегін жеңілдетуге және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына оң ықпал етеді.

Президент айқындаған аграрлық секторды дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады. Су инфрақұрылымын жаңғырту – ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп қана қоймай, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға да негіз болады.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жауапты сала басшыларына жаңа қондырғылардың үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, техникалық қызмет көрсету жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды және насос станциясындағы барлық инженерлік жабдықтардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде «Қызыл Ту» насос станциясының өндірістік әлеуеті едәуір артып, аудандағы су тапшылығы мәселесін азайтуға нақты мүмкіндік қалыптасты. Бұл биылғы суару маусымын кедергісіз өткізуге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға және Отырар ауданының агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытуға берік негіз қалайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *