Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы елімізде қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, табиғи байлықтарды сақтауға және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Президент атап өткендей, табиғатқа жанашырлық – ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Осыған сәйкес, Түркістан облысында экологиялық іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Осы бағыттағы кезекті маңызды шаралардың бірі – Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Сырдария өзенінің жағасында өткен «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы болды.
Акцияның басты мақсаты – өзен-көлдердің тазалығын сақтау, табиғи экожүйені қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаттарын кеңінен насихаттау.
Тазалық шарасына Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Төлепов, «Сырдария–Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің орманшылары, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің инспекторлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен табиғат жанашырлары қатысты. Жалпы саны 70-тен астам адам жұмылдырылып, Көксарай көпірі маңындағы аумақ қоқыстан тазартылып, өзен жағалауы ретке келтірілді.
Мұндай экологиялық акциялар табиғатты қорғау жұмыстарымен қатар, қоғамда экологиялық сананы қалыптастыруға, жастарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге және қоғамдық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Биыл өңірдің елді мекендерінде барлығы 7 257 іс-шараның жоспары бекітіліп, күнделікті сенбіліктер мен кең көлемді тазалық акциялары өткізілуде. Атап айтқанда, «Тазару күні», «Тазалық эстафетасы», «ТазаLIKE» экофестивалі, «Халықаралық қалдықсыз күні», «Мөлдір бұлақ», «Таза қала», «Таза ауыл», «Таза аула», «Жасыл болашақ» сияқты ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Сонымен қатар, өңірдің барлық аудан-қалаларында «Бір адам – бір ағаш», «Талмен түлеген туған жер», «Парктер шеруі», «Жасыл белдеу» секілді бастамалар жүйелі жүзеге асырылуда. Аталған жұмыстарға бүгінгі күнге дейін 355 мыңнан астам тұрғын мен 1 222 арнайы техника тартылып, 379 тонна қоқыс шығарылды.
Экологиялық бастамалардың маңызды бағытының бірі – өңірді көгалдандыру. Осы мақсатта, биыл Түркістан облысында 1 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда 332 мыңнан астам көшет егілді. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, келешек ұрпаққа жасыл әрі жайлы орта қалыптастыруға негіз болады.
Мемлекет басшысы көтерген «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы – бір реттік акция емес, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық бастама. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мұндай іс-шаралар Президент бастамасының өңірлерде нақты нәтижесін беріп, табиғатты қорғау ісіне мемлекеттік органдар мен қоғамның және бұқаралық ақпарат құралдарының бірлесе үлес қосып отырғанын айқын көрсетеді.

