«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: САУРАНДА РЕЙД НӘТИЖЕСІНДЕ 53 ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту және қоғамдық жауапкершілікті арттыру мәселелерін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған науқан ғана емес, ол әрбір азаматтың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға, қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға және экологиялық сананы жаңғыртуға арналған жалпыұлттық қозғалыс.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты қоғамда заң талаптарын бұлжытпай орындауды, құқық бұзушылықтың алдын алуды және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Президент өз сөздерінде тазалық пен тәртіп әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін, ал таза әрі қауіпсіз орта – өркениетті қоғамның басты белгісі екенін үнемі атап келеді.

Осы мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру мақсатында, Сауран ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық орындарда тазалықты сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Осыған сәйкес, аудан әкімдігі, полиция қызметкерлері және тиісті мекемелердің өкілдерінен құралған мобильді топтың қатысуымен кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.

Рейд барысында саябақтар, скверлер, өзен жағалаулары, демалыс аймақтары, көшелер, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары және халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар араланып, санитарлық талаптардың сақталуы мен қоғамдық тәртіптің орындалуына бақылау жүргізілді. Сондай-ақ, тұрғындарға белгіленбеген орындарға қоқыс тастамау, қоғамдық мүлікті күтіп ұстау, табиғатты қорғау және қолданыстағы заң талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара қорытындысында тазалық қағидаларын бұзудың 53 дерегі анықталды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес 38 азаматқа ескерту жасалып, 15 азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 648 750 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Мұндай рейдтік іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындарды жауапкершілікке тартумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық және экологиялық мәдениетін қалыптастыру, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету.

Бүгінде Сауран ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру, көгалдандыру, көшелер мен қоғамдық орындарды санитарлық тазалау, өзен-көлдер мен тарихи-мәдени нысандардың аумағын күтіп ұстау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелермен қатар ауыл тұрғындары, жастар, еріктілер және кәсіпкерлер де белсенді атсалысып келеді. Мұндай бірлескен жұмыстар туған жерге деген қамқорлықты арттырып, қоғамда экологиялық мәдениеттің орнығуына ықпал етуде.

Алдағы уақытта да, Сауран ауданында мобильді топтардың рейдтік-профилактикалық жұмыстары тұрақты жалғасып, қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіптің сақталуына бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп, заң талаптарын сақтау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Таза әрі көрікті Сауран – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Сондықтан, әрбір тұрғын туған өлкесінің тазалығын сақтауға үлес қосып, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай орындауы қажет. Президент бастамаларын қолдау, заң талаптарын сақтау және табиғатты аялау арқылы ғана келер ұрпаққа таза, жайлы әрі қауіпсіз орта қалдыра аламыз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *