Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі кепілі – қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет екенін үнемі атап келеді. Президенттің денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық инфрақұрылымды дамыту және азаматтарға қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік маңызы бар нысандар кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Осы міндеттерді жүйелі іске асыру мақсатында, Созақ ауданында да денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алған. Соның жарқын көріністерінің бірі – «Созақ аудандық орталық ауруханасы» ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары. Аталған жоба аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және заманауи талаптарға сай емдеу ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Жоба шеңберінде аурухана ғимараты толық жаңғыртылып, құрылыс нормалары мен санитарлық талаптарға сәйкес қайта бейімделеді. Инженерлік-коммуникациялық желілер жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, ғимараттың қауіпсіздігі мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған құрылыс шешімдері енгізіледі.
Күрделі жөндеу жұмыстарының бас мердігері – «KazBuildCo» ЖШС. Жоба «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың 11 сәуірінде басталды. Қазіргі таңда нысанда жоспарға сәйкес демонтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, ғимараттың іргетасы мен көтергіш қабырғаларын күшейту, сыртқы қасбетке арматура қаңқаларын орнату, құрылыс қалдықтарын шығару және келесі кезеңдегі құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалуда.
Жоба толық аяқталғаннан кейін аурухана заманауи медициналық мекеме ретінде халық игілігіне беріледі. Бұл өз кезегінде пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, дәрігерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Сонымен қатар, медициналық көмектің қолжетімділігі артып, аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға оң ықпал етеді.
Денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту – өңірдің әлеуметтік дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты, Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, сапалы медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге және Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарын іске асыруға өз үлесін қосады.

