САУРАН АУДАНЫНДА СУ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ РЕЙДТЕР ЖАЛҒАСУДА

Жазғы демалыс кезеңінде азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу – мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Мемлекет басшысының қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Сауран ауданында кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған сәйкес, Сауран ауданында аудан әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі және жауапты мекемелердің қатысуымен Шаға, Оранғай және Ескі Иқан ауылдық округтерінің аумағындағы өзен-көлдер мен су айдындарында кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шара өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту.

Рейд барысында жауапты мамандар демалушылармен және жергілікті тұрғындармен кең көлемді профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидалары жан-жақты түсіндіріліп, тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана суға шомылудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау, белгіленбеген әрі қауіпті орындарға бармау, мас күйінде суға түспеу және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде ескертулер берілді.

Бақылау жұмыстары барысында суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылып жүрген азаматтар анықталды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, құқық бұзушыларға әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылып, белгіленген тәртіппен айыппұл салынды. Жауапты органдар заң талаптарын сақтамау адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтіп, мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты бақылау алдағы уақытта да күшейтілетінін жеткізді.

Жаз мезгілінде су айдындарында орын алатын қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – қауіпсіздік ережелерін елемеу және тыйым салынған орындарда суға түсу. Сондықтан, профилактикалық рейдтердің басты мақсаты тек құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, олардың жеке жауапкершілігін арттыру және қайғылы жағдайлардың алдын алу болып табылады. Бұл жұмыстар қоғамда заңға құрмет пен қауіпсіздік қағидаларын сақтаудың маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Сауран ауданында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы рейдтік және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары суға түсу маусымы аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасады. Жауапты мекемелер тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, тек рұқсат етілген орындарда ғана суға шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған талаптарды бұлжытпай орындауға шақырады.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау – баршаға ортақ міндет. Әрбір тұрғынның қауіпсіздік ережелерін сақтауы, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауы және заң талаптарын орындауы ғана қайғылы оқиғалардың алдын алып, қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *