«Білімді ұлт – сапалы білім беру жүйесі» қағидаты бүгінде еліміздің білім саласындағы барлық реформалардың өзегіне айналды. Қоғамның дамуы, елдің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық өсімі ең алдымен адами капиталдың сапасына байланысты. Сондықтан, білім беру саласына салынған әрбір инвестиция – мемлекетіміздің болашағына салынған инвестиция.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін жаңғыртуға, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мұғалімдердің мәртебесін арттыруға және ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға ерекше назар аударып келеді. Бұл міндеттер Сауран ауданында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Біздің басты мақсатымыз – әрбір балаға тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына немесе оқитын мектебінің орналасқан жеріне қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндік жасау. Осы мақсатқа жету жолында ауданымыздың білім беру жүйесінде кешенді жұмыстар атқарылуда.
Ауыл мектебі – ауылдың жүрегі. Сауран ауданы – негізінен ауылдық елді мекендерден тұратын өңір. Сондықтан, ауданның білім беру жүйесінде ауыл мектептерінің орны ерекше. Бұл мектептер тек білім беріп қана қоймай, ауылдың қоғамдық және мәдени өмірінің орталығына айналған.
Бүгінде ауданымызда 657 оқушы білім алатын 11 шағын жинақты мектеп жұмыс істейді. Бұл барлық мектептердің шамамен 18 пайызын құрайды.
Шағын жинақты мектептердің басты артықшылығы – әрбір ауыл баласының өз туған жерінде білім алуына мүмкіндік беруі. Сонымен қатар, мұндай мектептердің өзіндік ерекшеліктері де бар. Біріктірілген сыныптарда сабақ өткізу, мұғалімдердің көпбейінді жұмыс істеуі, әдістемелік қолдаудың қажеттілігі және цифрлық ресурстарға қолжетімділік мәселелері үнемі назарда болады. Сондықтан, бүгінгі күні ауыл мектебінің әлеуетін арттыру тек инфрақұрылымды дамыту емес, ең алдымен білім сапасын жақсарту мәселесі болып отыр.
Тірек мектеп жобасы – тәжірибе мен мүмкіндіктің тоғысқан тұсы. Осы мақсатта Түркістан облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы ауданымыз үшін үлкен маңызға ие. Бұл жобаның ерекшелігі – тәжірибесі қалыптасқан мектептердің әлеуетін шағын жинақты мектептердің дамуына пайдалану. Сауран ауданында Ә.Сығай атындағы мектеп тірек мектеп ретінде айқындалып, оған төрт шағын жинақты мектеп магниттелді. Жол картасына сәйкес, тірек мектептің әдістемелік, басқарушылық және тәжірибелік мүмкіндіктері серіктес мектептердің дамуына бағытталуда. Бүгінде тірек мектеп базасында ашық сабақтар, коучингтер, тәжірибе алмасу кездесулері, әдістемелік кеңестер мен семинарлар ұйымдастырылып келеді. Мұғалімдер өзара тәжірибе бөлісіп, сабақ сапасын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді меңгеруде. Мұндай ынтымақтастық педагогтердің кәсіби өсуіне ғана емес, оқушылардың білім сапасының артуына да оң ықпал етеді.
Заманауи мектеп – сапалы білімнің негізі. Соңғы жылдары ауданымызда мектеп инфрақұрылымын жаңарту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның жарқын мысалы – «Келешек мектеп» ұлттық жобасы. Бүгінде осы жоба аясында, Сауран ауданында үш жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушылар игілігіне қызмет көрсетуде. Бұл мектептер заманауи сәулеттік талаптарға сай салынған. Оқу кабинеттері халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған. Пәндік зертханалар, информатика кабинеттері, робототехника элементтері, кітапханалар, спорт залдары мен қауіпсіз білім беру ортасы толық қарастырылған.
Алайда, жаңа ғимараттың өзі ғана сапалы білімнің кепілі бола алмайды. Ең бастысы – сол мектепте еңбек ететін ұстаздардың кәсіби деңгейі мен басқару сапасы. Осыны ескере отырып, жоба аясында мектеп директорлары, директорлардың орынбасарлары және педагогтер арнайы кәсіби даярлықтан өтті. Білім жетілдіру курстары барысында білім беру менеджменті, стратегиялық жоспарлау, көшбасшылық, тиімді коммуникация, оқытудың инновациялық әдістері, цифрлық платформаларды пайдалану және оқушыға бағдарланған білім беру тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Бұл өз кезегінде мектептің даму стратегиясын жаңаша қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Мұғалім – сапалы білімнің негізгі күші. Президентіміздің бастамасымен мұғалімдердің мәртебесін арттыру бағытында соңғы жылдары көптеген маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Бүгінде ұстаздың кәсіби дамуына, үздіксіз білім жетілдіруіне және шығармашылық ізденісіне ерекше жағдай жасалуда. Сауран ауданында да, педагогтердің кәсіби дамуына жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді.
Біз үшін мұғалімнің тек білімді болуы жеткіліксіз. Ол заман талабына бейімделген, жаңашыл, шығармашыл әрі оқушының жеке қабілетін аша алатын маман болуы тиіс. Сондықтан, аудан мектептерінде тәжірибе алмасу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Цифрлық білім – уақыт талабы. Қазіргі білім беру жүйесін цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, аудан мектептерінде интернет желісінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, цифрлық білім беру ресурстарын енгізу және мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл әсіресе, ауыл мектептері үшін маңызды. Өйткені, цифрлық мүмкіндіктер шалғай ауылдағы оқушыға да үздік білім ресурстарын пайдалануға жол ашады.
Ортақ мақсат – сапалы білім. Білім беру – тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Мектеп, ата-ана және қоғам өзара сенім мен жауапкершілік негізінде жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондықтан, ауданымызда ата-аналармен байланысты нығайтуға, қоғамдық бақылауды дамытуға және білім беру ұйымдарының ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп келеді. Біз әрбір оқушының қауіпсіз, жайлы әрі заманауи ортада білім алуына жағдай жасауды басты міндетіміз деп санаймыз.
Болашаққа бағытталған жауапкершілік.Бүгінгі оқушы – ертеңгі дәрігер, инженер, ғалым, ұстаз, кәсіпкер немесе мемлекеттік қызметші. Олардың сапалы білім алуы – еліміздің ертеңгі табысының кепілі. Сондықтан, Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы мен «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бір мақсатқа – сапалы білім арқылы бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.
Алдағы уақытта да, ауданның білім беру жүйесін жетілдіру, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, инновациялық технологияларды енгізу және білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
Біз білімге салынған инвестицияның қайтарымы ең үлкен инвестиция екеніне кәміл сенеміз. Өйткені, сапалы білім алған ұрпақ – Сауран ауданының ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.
Ғани Бақытұлы,
Сауран ауданы білім бөлімінің басшысы.
