САУРАН АУДАНЫНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА «АЛТЫН АЛҚА» МЕН «КҮМІС АЛҚА» МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Сауран ауданында көпбалалы аналарды құрметтеу, отбасы институтының маңызын арттыру және ана еңбегін ұлықтау мақсатында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, қоғамның дамуына, елдің демографиялық әлеуетінің артуына зор үлес қосып жүрген аналарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқалары табысталды.

Ана – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұстыны, тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан, мемлекет тарапынан көпбалалы аналардың еңбегін жоғары бағалау, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Осындай игі бастамалар отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланың әл-ауқатын жақсартуға және жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге ықпал етеді.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №1247 және 29 мамырдағы №1295 Жарлықтарына сәйкес ұйымдастырылды. Мемлекеттік наградаларды Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров табыстап, марапат иелерін шын жүректен құттықтады.

Аудан әкімі өз сөзінде көпбалалы аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол ана тәрбиесі – ел болашағының кепілі екенін айтып, ұлттың рухани құндылықтарын ұрпақ санасына сіңіріп, еңбекқор, білімді әрі отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеуде аналардың рөлі өлшеусіз екенін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан ана мен баланы қорғауға, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға және олардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Бүгінде Сауран ауданында отбасы саясатын тиімді іске асыру, аналарды қолдау және олардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Көпбалалы отбасыларға заңнамаға сәйкес, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп, ана мен баланың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға өз ықпалын тигізіп келеді.

Қазіргі таңда, Сауран ауданында 7 767 көпбалалы ана тұрады. Олардың қатарында 100 «Батыр ана», 659 «Алтын алқа», 1 732 «Күміс алқа» иегері бар. Сонымен қатар, І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған 199 ана бар. Бұл көрсеткіштер өңірде отбасы құндылықтарының берік қалыптасқанын, ана еңбегінің жоғары бағаланатынын және демографиялық өсімнің тұрақты сақталып отырғанын көрсетеді.

Президент Жарлықтарына сәйкес, биыл Сауран ауданынан 24 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 7 ана «Алтын алқа» алқасымен, 17 ана «Күміс алқа» алқасымен марапатталды. Бұл мемлекеттік марапаттар – аналардың ұзақ жылдар бойы атқарған ерен еңбегіне, отбасы құндылықтарын сақтауға және саналы ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесіне берілген жоғары баға.

Марапаттау рәсімі барысында әрбір марапат иесіне арнайы куәліктер мен мемлекеттік наградалар табысталып, гүл шоқтары ұсынылды. Жиынға қатысушылар аналарды зор құрметпен қарсы алып, ізгі тілектері мен ақжарма лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде марапат иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлыққа ризашылықтарын жеткізді. Олар отбасыдағы береке мен бірліктің, бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктің маңызын атап өтіп, келешек ұрпақты елін сүйетін, білімді, еңбекқор әрі адамгершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ете беретіндерін айтты.

Іс-шара барысында көпбалалы аналардың өнегелі өмір жолы мен еңбегі кейінгі буынға үлгі екені ерекше аталып өтті. Себебі, берік отбасы – қуатты мемлекеттің негізі. Отбасыдағы тәлім-тәрбие, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, ізгілік пен адамгершілік қағидаларын ұрпақ бойына сіңіру ең алдымен ананың тәрбиесінен бастау алады.

Бүгінде Сауран ауданында отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қолдау, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясат халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға да қызмет етеді.

Салтанатты жиын соңында марапат иелерімен естелік суретке түсіп, олардың әрқайсына зор денсаулық, отбасыларына амандық, бақ-береке және өсіріп отырған ұл-қыздарының ел игілігіне қызмет ететін саналы азамат болып қалыптасуына тілектестік білдірілді. Марапаттау рәсімі ана еңбегін ұлықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеген тағылымды әрі мазмұнды шара ретінде көпшілік көңілінен шықты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *