ОТЫРАРДА ТҰРҒЫНДАР ТАЗАЛЫҚ ШАРАЛАРЫНА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА

Отырар ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Акцияның негізгі мақсаты – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және әрбір азаматтың туған жердің тазалығына деген жауапкершілігін арттыру.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық ауылдық округтерде кезекті сенбіліктер ұйымдастырылып, оған ауыл тұрғындары белсенді қатысты.

Сенбілік барысында көшелер мен аяқжолдар, саябақтар, скверлер, әлеуметтік және мәдени нысандардың айналасы, балалар ойын алаңдары, арық-атыз жүйелері мен ирригациялық желілер қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, бейберекет өскен шөптер шабылып, қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, қоғамдық орындардың санитарлық талаптарға сай болуы қамтамасыз етілді. Елді мекендердің көркін арттыру мақсатында абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар да қатар жүргізілді.

Тазалық жұмыстары барысында жиналған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы коммуналдық техникалардың көмегімен шығарылып, белгіленген қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына жеткізілді. Арнайы мамандар тарапынан санитарлық тазалық талаптарының сақталуына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – бір реттік шара емес, қоршаған ортаға жанашырлықты қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді бастама. Осыған орай, аудан көлемінде тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, тұрғындарды туған жердің тазалығын сақтауға, табиғатты аялауға және қоғамдық мәдениетті нығайтуға шақыру бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *