«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Отырар ауыл округінде кезекті сенбілік ұйымдастырылып, елді мекен аумағында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, ауылдың санитарлық жағдайын жақсарту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және туған жерге деген жанашырлықты арттыру. Акция барысында ауыл көшелері, ішкі жолдар, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың айналасы қоқыстан тазартылып, жол жиектерінде өскен арамшөптер шабылды. Сонымен қатар, арық-атыздар тазаланып, ретсіз жиналған тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары белсенді қатысып, ортақ іске жұмыла атсалысты. Бірлескен еңбектің нәтижесінде ауыл аумағы айтарлықтай тазарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі көрікті орта қалыптастыруға кезекті қадам жасалды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бір күндік науқан емес, тұрақты түрде жалғасатын маңызды жұмыс. Сондықтан, қоршаған ортаның тазалығын сақтау әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Әр тұрғын өз үйінің ауласын, көше бойын және қоғамдық орындарды таза ұстауға жауапкершілікпен қарағанда ғана елді мекеннің көркі артып, табиғи ортаның тазалығы сақталады.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға, қоғамдық жауапкершілікті нығайтуға және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Осыған орай, Отырар ауыл округінде тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, ауылдың көркеюіне бағытталған кешенді іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

