Сауран ауданында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы. Бұл жоба оқушылардың заманауи талаптарға сай білім алуына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, педагогтердің кәсіби дамуына да жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Бүгінде Сауран ауданында «Келешек мектеп» жобасы аясында үш жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушылар игілігіне қызмет көрсетуде. Заманауи үлгіде салынған білім беру ұйымдары кең әрі жарық оқу кабинеттерімен, пәндік зертханалармен, STEM кабинеттерімен, цифрлық технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар, мектептерде оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған барлық қажетті жағдай қарастырылған.
Жобаның басты ерекшелігі – тек жаңа мектеп ғимараттарын салумен шектелмей, білім беру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың қатар жүргізілуінде. Осыған сәйкес, мектеп директорлары, әкімшілік қызметкерлері және педагогтер арнайы біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өтіп, білім беру менеджменті, көшбасшылық, заманауи оқыту әдістемелері, цифрлық технологияларды пайдалану және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағыттары бойынша кәсіби даярлықтан өтті.
Мұндай курстар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, мектепішілік басқару жүйесін тиімді ұйымдастыруға және халықаралық тәжірибеге негізделген білім беру тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мектеп басшылары стратегиялық жоспарлау мен тиімді басқарудың жаңа тетіктерін меңгерсе, мұғалімдер оқыту процесінде оқушының жеке қабілетін дамытуға бағытталған заманауи әдістерді кеңінен қолдануға мүмкіндік алды.
«Келешек мектеп» жобасы мен «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының өзара сабақтастығы Сауран ауданындағы білім беру жүйесінің дамуына тың серпін беріп отыр. Бір жағынан, жаңа мектептер заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілсе, екінші жағынан педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу және әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Мұндай кешенді жұмыстар ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға, оқушылардың білім деңгейін көтеруге және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі болып табылады.
Сауран ауданында қолға алынған бұл бастамалар білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға және әрбір балаға заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға қызмет етуде. Алдағы уақытта да, осындай жүйелі жобалардың жалғасуы ауданның білім саласының тұрақты дамуына негіз болады.
