Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында ауданның қоғамдық-саяси ахуалы, әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі заңнамалық өзгерістер, сондай-ақ орындаушылық тәртіптің сақталуы мен мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды мәселелер қаралды.
Аппараттық мәжілістің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалеке Марат аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалдың қазіргі жай-күйі туралы баяндама жасады. Баяндамада қоғамдық тұрақтылықты сақтау, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды дамыту, тұрғындар арасында мемлекеттік саясатты түсіндіру жұмыстарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, ықтимал тәуекелдердің алдын алу, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Мәжіліс барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті екені айтылып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қою, халықпен тиімді кері байланысты қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді дер кезінде шешу қажеттігіне назар аударылды.
Келесі мәселе ретінде Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі D және Е санатындағы отбасылардың санын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дауырхан баяндама жасап, аудан көлемінде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, аз қамтылған және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке тарту, мемлекеттік қолдау шараларымен қамту, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, бос жұмыс орындарына орналастыру және еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар, әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерделеп, оларды тәуекел деңгейі жоғары санаттан шығару бойынша нақты іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
Жиында жауапты бөлімдерге мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, халықты тұрақты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету және әлеуметтік тәуелділікті азайту бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Әшіров Нұрбек «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер жөнінде баяндама жасады. Ол заңнамадағы жаңашылдықтардың негізгі бағыттарына тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, еңбек тәртібі, меритократия қағидаттарын сақтау, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған өзгерістерді түсіндірді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру, заң талаптарын қатаң сақтау, азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету және қызметтік жауапкершілікті күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Мәжілісте соңғы мәселе ретінде орындаушылық тәртіптің сақталуы және аудан аумағында жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктер қаралды. Жауапты бөлімдерге тапсырмалар мен хаттамалық шешімдердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, құжат айналымындағы мерзімдердің сақталуын бақылауды күшейту, тұрғындардың өтініштерін заңнама талаптарына сәйкес қарау және орындалу сапасын арттыру міндеттелді.
Аудан әкімі орындалмаған немесе мерзімі кешіктірілген тапсырмаларға жол бермеу қажеттігін атап өтіп, әрбір бөлім басшысының жеке жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап, жоспарланған индикаторлық көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және орындаушылық тәртіпті нығайту аудан әкімдігі қызметінің негізгі басым бағыттары болып қала беретінін атап өтті. Ол барлық жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Сондай-ақ, аудан әкімі мемлекеттік органдардың қызметі ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, халықтың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрекет етуге және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын тиімді іске асыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық құрылымдық бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне өзара үйлесімді жұмысты күшейтіп, белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
