Республика күні қарсаңында Түркістан облысының мәдениет басқармасы мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті бірлесіп ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өз мәресіне жақындауда. Аталған байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін насихаттау және мемлекеттік тілді дамыту ісіне үлес қосып жүрген үздік мамандардың тәжірибесін дәріптеу.
Ауқымды республикалық байқауға Сауран аудандық Тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Ибаш Роза Абдирашқызы қатысып, аудан намысын қорғауда.
Ибаш Роза Абдирашқызы – ұлты өзбек болғанымен, қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгеріп, осы мамандық бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін иеленген білікті маман. Ол еңбек жолында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілін үйренушілердің тілдік сауаттылығын арттыруға, тіл мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін нығайтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Сонымен қатар, түрлі семинарлар, тілдік іс-шаралар, танымдық кездесулер мен оқыту курстарын ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге елеулі үлес қосып келеді. Оның кәсіби тәжірибесі мен жауапкершілігі көптеген тіл үйренушілердің қазақ тілін еркін меңгеруіне мүмкіндік беріп, мемлекеттік тілге деген құрметтің артуына оң ықпал етуде.
Мемлекеттік тіл – халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысының негізі, ел тәуелсіздігінің басты нышандарының бірі. Қазақ тілін құрметтеу, оны дамыту мен кеңінен насихаттау – әрбір азаматтың ортақ міндеті әрі ел бірлігін нығайтудың маңызды кепілі.
Осындай мәртебелі республикалық байқауда Сауран ауданының намысын қорғап отырған әріптесіміз Ибаш Роза Абдирашқызына сәттілік, шығармашылық табыс және жеңіс тілейміз! Оның жетістігі мемлекеттік тілді дамыту жолындағы еңбектің жарқын көрінісі болып, жастарға үлгі болады деп сенеміз.
Сауран аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығы.
