ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ – ҚОҒАМ МӘРТЕБЕСІ: ПЕДАГОГ КӘСІБІНІҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСҚАН ЕҢБЕК АРДАГЕРІ

Педагог кәсібінің беделін арттыру және ұстаз еңбегін дәріптеу, кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттау, сондай-ақ еңбек адамын ұлықтау мақсатында «Кәсіподақ әрекет етуде» ақпараттық науқаны аясында елімізде еңбек ардагерлерімен тағылымды кездесулер мен сұхбаттар ұйымдастырылуда.

Осы жоба аясында, Түркістан облыстық ұйымының Кентау қалалық кәсіподақ комитеті білім беру саласында 40 жылға жуық табанды еңбек етіп, кәсіподақ қызметіне белсенді араласқан ардагер ұстаз Панайотиди Софья Георгиевнамен сұхбат өткізді.

Бүгінде педагог мамандығы – елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын, жас ұрпақтың дүниетанымы мен азаматтық ұстанымын тәрбиелейтін ең жауапты әрі мәртебелі кәсіптердің бірі. Сондықтан, ұстаз еңбегін насихаттау, оның қоғамдағы абыройын арттыру және жастар арасында педагог мамандығын кеңінен дәріптеу – білім беру саласының маңызды міндеттерінің бірі.

Софья Георгиевна – Түркістан облысы, Кентау қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы жалпы білім беретін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып ұзақ жылдар еңбек еткен тәжірибелі педагог. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, мыңдаған оқушының сапалы білім алып, өмірден өз орнын табуына өлшеусіз үлес қосты. Оның шәкірттері түрлі деңгейдегі білім сайыстарында, олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ұстаздарының сенімін ақтап келеді.

Ұстаздық қызметпен қатар, Софья Георгиевна кәсіподақ ұйымының жұмысына да белсенді араласып, әріптестерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік мәселелерін шешу, педагогтердің кәсіби мүдделерін қолдау бағытында жемісті еңбек етті. Ол ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара қолдауды нығайтуға елеулі үлес қосып, кәсіподақтың басты қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға атсалысты.

Сұхбат барысында еңбек ардагері педагог мәртебесін көтеру бағытында мемлекет тарапынан қабылданған бастамалардың ұстаздарға үлкен қолдау болғанын атап өтті. Оның айтуынша, педагогтің қоғамдағы беделі – білім сапасының кепілі. Ұстазға көрсетілген құрмет жас мамандардың осы салаға қызығушылығын арттырып, кәсіби жауапкершілігін нығайтады.

Софья Георгиевна ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мұғалім әрдайым ізденісте болып, кәсіби білімін жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылуы тиіс. Сонда ғана білім беру сапасы артып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік туады.

Ардагер ұстаздың әдістемелік тәжірибесі мен жаңашыл оқыту тәсілдері қалалық және облыстық семинарларда бірнеше мәрте таратылып, жас педагогтер үшін тағылымды тәжірибе мектебіне айналды. Ол әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, кәсіби қалыптасуына қолдау көрсеткен тәлімгер ұстаз ретінде де зор құрметке ие.

Көпжылдық адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 2021 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, 2024 жылы ардагер ұстаз ретінде Білім және ғылым министрінің Алғыс хатын иеленуі оның білім беру ісіне қосқан зор үлесінің айқын дәлелі болды.

Панайотиди Софья Георгиевнаның өнегелі еңбек жолы – педагог мамандығының қадір-қасиетін айқындайтын жарқын үлгі. Осындай ұстаздардың өмірі мен еңбегін кеңінен насихаттау – педагог кәсібінің беделін арттыруға, жас ұрпақты ұстаздық жолды таңдауға ынталандыруға және еңбек адамына деген құрметті нығайтуға қызмет етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *