САУРАН АУДАНЫНДА «ЯСАУИ КЕРУЕНІ» ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Сауран ауданында Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту мақсатында «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары ұйымдастырылды.

Рухани-ағартушылық іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, жастар және қоғам белсенділері қатысты.

Семинардың модераторы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов болды. Жиында Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы және Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Мухаммеджан Ергешбайұлы Джумадиллаев сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оны кеңінен насихаттау және ұлттық руханиятты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Баяндамашылар Қожа Ахмет Ясауи ілімі – халқымыздың рухани дүниетанымының негізін құрайтын құндылықтардың бірі екенін атап өтті. Оның хикметтерінде көрініс тапқан имандылық, әділдік, еңбекқорлық, кішіпейілділік, білімге ұмтылу, мейірімділік пен елге қызмет ету қағидаттары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағаны айтылды.

Семинар барысында профессор, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов және философия докторы Төлеген Мұхит мазмұнды баяндамалар жасап, Ясауи мұрасының тарихи, мәдени және рухани маңызына жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды сақтауда ғылым мен білімнің, отбасы тәрбиесі мен қоғамдық институттардың өзара сабақтастығы кеңінен талқыланды.

Жиында ұлттық бірегейлікті нығайту, жастардың тарихи санасын қалыптастыру және рухани иммунитетін күшейту – бүгінгі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. Осы тұрғыда Қожа Ахмет Ясауидің тағылымын жас ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық мәдениетке, ана тіліне, салт-дәстүрге құрметті арттыру және қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы ерекше айтылды.

Семинарда көтерілген мәселелер білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының басым бағыттарымен де үндесетіні атап өтілді. Ясауи мұрасындағы адамгершілік, адалдық, әділдік, еңбекқорлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты құндылықтар өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіруде маңызды рухани негіз болып табылады.

Іс-шара барысында қатысушылар пікір алмасып, Ясауи мұрасын ғылыми зерттеу жұмыстарын кеңейту, тарихи-мәдени мұраларды сақтау, жастар арасында рухани-ағартушылық жобаларды көбейту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Семинар қорытындысында «Ясауи керуені» жобасының Түркістан облысының өзге де қала және аудандарында жалғасатыны айтылды. Жоба аясында ғылыми кездесулер, дәрістер, ашық пікірталастар және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен дәріптеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Осындай ғылыми-танымдық іс-шаралар ұлттық руханиятты нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны ұлықтауға, қоғамдық келісім мен бірлікті бекемдеуге, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *