Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында, Ұлттық құрылтай отырыстарында және түрлі деңгейдегі кездесулерде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президенттің айтуынша, оқитын ұлт қана озық ойлы, бәсекеге қабілетті әрі білімді қоғам қалыптастыра алады. Сондықтан елімізде жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдебиетті кеңінен насихаттау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және рухани құндылықтарды дәріптеу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалған.
Бүгінде кітап оқу – тек ақпарат алудың құралы ғана емес, адамның дүниетанымын кеңейтетін, сыни ойлау қабілетін қалыптастыратын, рухани байлығын арттыратын және өмір бойы білім алуға жетелейтін маңызды мәдениетке айналып отыр. Президент бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан мәдени-ағартушылық жобалар, кітапханалардың қызметін жаңғырту, ұлттық әдебиетті қолдау, жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар – осының айқын дәлелі.
Осы игі бастамаларды жүзеге асыру мақсатында қазақ халқының ұлттық мақтанышы, ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының күніне орай Орталық кітапханада «Дала данышпаны» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – Абайдың мол әдеби және философиялық мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, білімге ұмтылу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда оқырман мәдениетін дамыту.
Тағылымды кешке Түркістан облыстық «Көзқарас» мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен «Ертөстік» балабақшасының даярлық тобының тәрбиеленушілері қатысты. Әр буын өкілдерінің бір алаңда бас қосуы Абай мұрасының ұлт үшін ортақ рухани құндылық екенін тағы бір мәрте айқындады.
Кеш барысында қатысушылар «Абайды танимыз ба?» атты танымдық сұрақ-жауап ойынына қатысып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдерін саралады. Қатысушылар ақынның шығармашылық жолы, қоғамдық қызметі, ағартушылық идеялары және қазақ әдебиетіндегі тарихи орны туралы қойылған сұрақтарға жауап беріп, өздерінің таным көкжиегін кеңейтті.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу болды. Қатысушылар ақынның адамгершілік, еңбек, ғылым-білім, әділет, ел бірлігі және рухани кемелдену туралы терең ойларын көркем сөз арқылы жеткізді. Сонымен қатар Абайдың халық жүрегінен орын алған әндері орындалып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Шара барысында кітапхана мамандары Абайдың қара сөздерінің бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жан-жақты түсіндірді. Ұлы ойшылдың адам тәрбиесі, білімнің құндылығы, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік және ұлттық бірегейлікті сақтау жөніндегі ойлары қазіргі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарымен үндесетіні атап өтілді.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Абай – ұлтымыздың рухани мақтанышы» атты ашық кітап көрмесі оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеде Абайдың шығармалар жинақтары, қара сөздері, ғылыми зерттеулер, естеліктер мен танымдық әдебиеттер қойылып, кітапхана қызметкерлері келушілерге библиографиялық шолу жасап, әр басылымның ерекшелігі жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Кітап көрмесі арқылы келушілер ұлы ақынның шығармашылық әлемімен жақынырақ танысып, оның мұрасының қазақ халқының ғана емес, әлемдік рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі екеніне көз жеткізді.

