Сауран ауданында ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда

Сауран ауданында ауылдық білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыру және оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта шағын жинақты мектептердің білім беру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Бүгінде ауданда 657 оқушы білім алатын 11 шағын жинақты мектеп жұмыс істейді. Бұл аудандағы жалпы білім беретін мектептердің шамамен 18 пайызын құрайды. Ауылдық елді мекендердегі бұл білім ошақтары тұрғындардың білімге қолжетімділігін қамтамасыз еткенімен, олардың қызметінде шешуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер бар.

Атап айтқанда, біріктірілген сыныптарда білім беру сапасын жетілдіру, интернет желісі мен цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ педагогтерге тұрақты әдістемелік қолдау көрсету мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Заманауи білім беру талаптарына сәйкес бұл бағыттардағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру ауыл мектептерінің дамуына серпін береді.

Осы мақсатта, Түркістан облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында нақты жұмыстар қолға алынған. Жобаның негізгі мақсаты – тірек мектептердің тәжірибесі мен ресурстық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы шағын жинақты мектептердің білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін дамыту және ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту болып табылады.

Жоба шеңберінде, Сауран ауданындағы Әшірбек Сығай атындағы тірек мектепке төрт шағын жинақты мектеп магниттелген. Бұл өзара ынтымақтастық моделі тірек мектептің басқарушылық, әдістемелік және тәжірибелік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жол картасына сәйкес, тірек мектеп педагогтері магниттелген мектептердің мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастырады. Сонымен қатар, мектеп басшыларына басқарушылық кеңестер беріліп, оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған бірлескен жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мұндай жұмыстар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырумен қатар, оқушылардың білім сапасын көтеруге де оң ықпал етеді.

Бүгінде білім беру саласындағы заманауи үрдістер мектептердің өзара ынтымақтастығын күшейтуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда тірек мектептердің тәжірибесін тарату, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және әдістемелік сүйемелдеуді күшейту ауыл мектептерінің тұрақты дамуына негіз қалайды.

Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар ауылдық білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыруға, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеруге және әрбір оқушыға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *