ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҚ – АУРУХАНА МАМАНДАРЫ НАЗАРЫНДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық денсаулығын нығайту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және психологиялық әл-ауқатын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде азаматтардың психикалық саулығын сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту, күйзеліс пен суицидтің алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар әрбір адамның өмірін бағалауға, қоғамда өзара қолдау мен жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға негізделген.

Осы мақсатта, Созақ ауылы әкімшілігінде ауыл тұрғындарына арналған «Өзіңді сүй, өмірді сүй» тақырыбында психологиялық семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараны Созақ аудандық орталық ауруханасының психологі Түкебаева Шолпан Қалашқызы және Отбасын қолдау орталығының мамандары Манабаева Айжан мен Ыдырысова Құралай Мұхтарқызы жүргізді.

Семинар барысында қатысушыларға психологиялық саулықтың маңызын түсіндіретін танымдық бейнеролик көрсетіліп, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, түрлі психологиялық тренингтер мен сергіту ойындары өткізілді. Мамандар күйзелістің алғашқы белгілерін тану, эмоционалдық тұрақтылықты сақтау, қиындықтарды еңсеру жолдары және қажет жағдайда кәсіби көмекке жүгінудің маңыздылығы жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу аясында тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылып, олардың көкейіндегі сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Мұндай кездесулер азаматтардың психологиялық мәдениетін арттыруға, өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға, отбасы институтын нығайтуға және қоғамда өзара қолдау құндылықтарын дамытуға ықпал етеді.

Психологиялық денсаулық – қоғамның тұрақты дамуы мен әрбір азаматтың сапалы өмір сүруінің маңызды кепілі. Сондықтан, мұндай профилактикалық іс-шаралар халықтың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастырып, әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына жол ашады.

Өзіңізді бағалаңыз. Өзіңізді сүйіңіз. Өмірді сүйіңіз!

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *