Сауран ауданында жастар арасында қаржылық сауаттылықты қалыптастыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлердің алдын алу және алаяқтық әрекеттерден сақтану мәдениетін арттыруға бағытталған ақпараттық форум өтті.
«Қаржылық қауіпсіздік: алаяқтықтан сақтан!» тақырыбындағы кездесуге құқық қорғау органдарының, қаржы саласының мамандары, банк өкілдері және аудан жастары қатысты.
Жиында қазіргі қоғамда кең таралған интернет-алаяқтықтың түрлері, азаматтардың жеке және банк деректерін қорғау, күмәнді қаржылық операцияларға жол бермеу, онлайн қызметтерді қауіпсіз пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев кездесуге модераторлық жасап, жастардың қаржылық қауіпсіздік мәселелерінен хабардар болуының маңыздылығына тоқталды. Ол ақпараттық технологиялардың дамуы адамдарға көптеген мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің де пайда болуына себеп болып отырғанын атап өтті.
Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірінші жедел басқармасының аға жедел өкілі Жанболат Тұрапбай қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алаяқтардың азаматтардың сеніміне кіріп, ақша қаражатын иемдену үшін қолданатын әдістері туралы нақты мысалдар келтірілді.
Ал, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның аға менеджері Досалы Мұсаханов банк карталары мен онлайн-банкингті пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Мамандар SMS-кодтарды, құпиясөздерді және банк картасының деректерін ешкімге бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз тұлғалардың нұсқауымен қаржылық операциялар жасамауға шақырды.
Кездесудің соңында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан жауап алды. Қатысушыларға қаржылық сауаттылықты арттырудың, ақпаратты тексеріп барып шешім қабылдаудың және жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың маңызы түсіндірілді.
Осындай ақпараттық кездесулердің жүйелі түрде өткізілуі жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамда алаяқтыққа қарсы құқықтық және цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

