Шорнақ ауылдық округінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Арақсыз ауыл» жобасы аясында жеке кәсіпкерлер мен дүкен иелерінің қатысуымен кездесу өтті.
Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудан прокурорының орынбасары Ержан Ахметов, Ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ақсақалдар мен ардагерлер, ауыл белсенділері, жастар және кәсіпкерлер қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – алкогольдік ішімдіктердің қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, оның салдарынан туындайтын құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмысты күшейту.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жиында сөз сөйлеп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері тұрақты назарда екенін атап өтті. Оның айтуынша, құқық бұзушылықтардың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, ата-аналар мен ауыл тұрғындары бірлесе атқаратын ортақ жұмыс.
– Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіз ортаны қалыптастыруда әр азаматтың жауапкершілігі маңызды. Әсіресе, кәсіпкерлер заң талаптарын сақтап, өз қызметіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Жастардың тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қоғам болып үлес қосуымыз керек, – деді аудан әкімі.
Басқосу барысында кәсіпкерлерге сауда орындарында заң талаптарын сақтау, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу, қоғамдық тәртіпке кері әсер ететін жағдайлардың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, кәсіпкерлік нысандар маңындағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар айтылды.
Аудан прокурорының орынбасары Ержан Ахметов құқық бұзушылықтардың алдын алуда профилактикалық шаралардың маңызына тоқталып, заң талаптарын сақтаудың қажеттігін түсіндірді. Кәсіп иелеріне қолданыстағы заңнама нормаларын бұзбау, қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау жөнінде нақты түсіндірулер берілді.
Ал, Ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов ауылдың ынтымағы мен берекесін сақтауда аға буынның тәрбиелік ықпалы ерекше екенін атап өтті. Жастарды теріс әдеттерден аулақ болуға шақырып, кейінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие берудің маңыздылығына назар аударды.
Күн тәртібіне сәйкес, Сауран ауданының бас имамы Еркін Полатов пен аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова да сөз сөйлеп, отбасы тәрбиесі, рухани құндылықтар, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және зиянды әдеттердің алдын алу жөніндегі пікірлерін білдірді.
Жиын барысында алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынудың адам денсаулығына ғана емес, отбасы берекесіне, бала тәрбиесіне және қоғамдық ортаға кері әсер ететіні айтылды. Осыған байланысты ауыл тұрғындары арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу сұрақ-жауап және пікір алмасу форматында жалғасып, кәсіпкерлер мен ауыл белсенділері өз ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және ауылдағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ, жастарды спортқа, мәдени іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға және пайдалы бастамаларға кеңінен тарту қажеттігі сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және олардың зиянды әдеттерден аулақ болуына оң ықпал ететіні айтылды.
Жиын соңында «Арақсыз ауыл» жобасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, кәсіпкерлермен түсіндіру кездесулерін тұрақты өткізу, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қоғамдық бақылауды күшейту және тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін арттыру қажеттігі атап өтілді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – баршаға ортақ міндет. Осы ретте Шорнақ ауылдық округінде мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар және тұрғындар арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

